Теміржол саласы ел экономикасының дамуына елеулі үлесін қосады, алайда қолда бар әлеует толық көлемде пайдаланылмайды.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы, 2023 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша кірісі 139 млрд. теңгені құрағанын мәлімдейді. Компания табысының 70%-ын жүк тасымалы, 30%-ын жолаушылар тасымалы құрайды. Осы кезеңде компанияның транзиті 200 млн. тоннадан асты, өсім 3% құрады, жүк айналымы 19%-ға өсіп 22 млн.500 мың тоннаны құрады.
Қазақстандық жүк теміржол тасымалдаушыларының қауымдастығы, теміржол тасымалы нарығында адал бәсекелестік үшін жағдай жасаса, бұл көрсеткіштер әлдеқайда жоғары болуы мүмкін деп есептейді.
Темір жолдағы проблемаларды монополист тұлғадағы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы шеше алмайды. Мәселен, Қазақстандағы бар 16 мың шақырым теміржолдың тек 2,5 мың шақырымы жаңартылған. Жолдардың басымды үлесi тозған және жөндеудi талап етедi.
Магистральдық желілердің жетіспеушілігінен немесе тозуынан, локомотив тапшылығынан, жылжымалы құрамның тозуынан өткен жылы тасталған вагондар саны 40 мың вагоннан асты. Бұл проблемалардың бір бөлігі ғана.
Бәсекелестіктің болмауы саланың дамуын айтарлықтай тежейді. Бұл мәселедегі шиеленісті жеке бизнес төмендетуі мүмкін. Жүк тасымалдаушылары локомотив паркін, жылжымалы құрамды жаңартуға инвестиция салуға дайын, алайда оларға кепілдіктер қажет.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мұндай өзгерістерге дайын емес және тасымалдау нарығында жаңа ойыншылардың пайда болуына барынша қарсы.